4 часа назад

Қазақстанда жаңа банкке лицензия берілді

«БиЭнКей» коммерциялық банкі ел аумағында банк ретінде жұмыс істейтін рұқсат алды.

Қазақстанда жаңа банкке лицензия берілді
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агентігінің фотосы

Қазақстанда жаңа банк пайда болды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агентігі «БиЭнКей» коммерциялық банкінің ел аумағында жұмыс істеуіне лицензия берді. Агенттік таратқан ақпарға сүйенсек, 2010 жылдан бері берілген алғашқы банктік лицензия екен. Салтанатты жиында BNK Capital Төрағасы Ким Сонг Джу мырзаға банк операцияларын жүзеге асыруға арналған лицензияны агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова табыс етті.

Жаңа банк әмбебап сервистерді дамытуға, шағын және орта бизнеске кредит беруге және темір тұлпар алуға несие бермек.

— Банк бұрын микроқаржы ұйымы мәртебесінде жұмыс істеген «BNK Finance Kazakhstan» ЖШС қайта құру нәтижесінде құрылды. 2024 жылғы маусымда агенттік микроқаржы ұйымдарын қайта құру мүмкіндігін көздейтін заңнама шеңберінде екінші деңгейдегі банкке айналдыруға рұқсат берді. Биыл 30 мамырда агенттік қайта құру жөніндегі іс-шараларды іске асыру туралы есепті бекітті, содан кейін компания банк ретінде мемлекеттік қайта тіркеуден өтті. Берілген лицензия банкке банк операцияларын, оның ішінде заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдауды, банктік шоттар ашуды және жүргізуді, кассалық және аударым операцияларын, кредиттер беруді және шетел валютасымен операциялар жүргізуді жүзеге асыру құқығын береді. Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қосылғаннан кейін жеке тұлғалардың депозиттерімен және банк шоттарымен операциялар жүзеге асыруға мүмкіндік болады, — делінген қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында.

Агенттік таратқан ақпаратқа сүйенсек, қаржы ұйымын қайта  қайта құру сәтінде оның активтері 25,8 миллирад теңгені, кредиттік портфель 21,8 миллиард теңгені құрапты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аталмыш мекеме микроқаржы ұйымдарының арасында 15 орынға тұрақтаған.

Жаңа банк Оңтүстік кореяның BNK Financial Group Inc. компаниялар құрамына кіреді. Оңтүстік кореялық компанияның активтері 103 миллиард АҚШ долларынан асып жығылады. Сонымен бірге топтың құрамына Busan Bank және Kyongnam Bank банктері, сондай-ақ инвестициялық компаниялар кіреді. Топтың екі Корея банкінің «A2» деңгейіндегі халықаралық рейтингтері және 300-ден астам филиалы бар.

Қазақстанда банктің даму жоспары үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қаржы институты бизнес-құрылымды пайдалана отырып, нарыққа тиімді шығуды, цифрлық банкингтің базалық жүйесін және тәуекелдерді басқарудың сенімді жүйесін құруды қоса алғанда, банкке трансформацияны тұрақтандыруды жоспарлап отыр. 

Екінші кезеңде операциялық қызметті кеңейту, оның ішінде өнім портфелін әртараптандыру, автолизинг нарығына шығу және цифрлық өнімдерді кеңейту жоспарлануда. Бұдан басқа, банк ШОК-қа бағдарланған банктің имиджін қалыптастыру, цифрлық трансформацияны тереңдету және ТМД нарығына шығу үшін база құру жолымен активтерді әртараптандыруды көздейді.


Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp