Әкені күткен жылдар зая кетті ме? 67 жастағы тұрғын әділдік іздеп сотқа жүгінді
Тасқала ауданының тұрғыны әділдік іздеп сотқа шағымданды.

Тасқала ауданының 67 жастағы тұрғыны әкесін баққан жылдарын еңбек өтіліне қосуды сұрап сотқа шағымданды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Белгілі болғандай арызданушы егде тартқан ата-анасы бағып, жұмыс істемеген уақыты еңбек өтіліне есептелмеген. Ол өкілетті органның ұсынымымен зейнетақысына қосымша үстеме тағайындау үшін сотқа шағымданыпты. Сот отырысында тұрғынның ауылдастары мен көршілері куәгер болып, оның шын мәнінде қарт әкесіне қарайласқанын растапты.
Қолданыстағы әлеуметтік кодекске сай, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде мыналар: басқа адамның көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға, екінші топтағы мүгедектігі бар жалғызбасты адамға және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамдарға күтім жасаған уақыт еңбек қызметі есебіне алынады.
Жоғары аталған уәждерді ескере отырып, сот әділдік іздеп шағымданған тұрғынның арызын қанағаттандырды. Шешім заңды күшіне енген.