Қазір нарықта ойыншықтың түрі көп. Дүкен сөресінде түрлі елдің өнімдері де жетіп артылады. Перзентіне ойыншық сыйлап, ойын дамытатын, балалық шағын қызықты өткіземін деген ата-аналарға таңдау мол.

Ойыншықтарды таңдаған кезде нені ескеру керек? Мамандардың кеңесі қандай? Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.

Ойыншық сатып аларда нені ескерген жөн? Тұтынушылар нені білуі тиіс?

— Ойыншықтарды міндетті түрде белгілі бір сауда орындарынан алған жақсы. Бәріміз білеміз жаңа жыл қарсаңында өте көп кәсіпкерлер сыртта сатып тұрады. Ондай жерлерден аулақ болған жөн. Міндетті түрде ресми жерлерден сатып алған абзал. Сонымен қатар ойыншықтың таңбалануына баса назар аудару керек. Себебі қауіпсіздіктің барлығы осы таңбалаудан басталады. Таңбалау дегеніміз не? Ол ойыншықты кім өндірді? Оның құрамында қандай заттар бар? Сонымен қатар, үш жасқа дейінгі балаға арналған ойыншық не үш жастан жоғары балаға арналған ойыншық, осының барлық ақпараты, шығарылған күні, қай күнге дейін оны қолдануға болады? Осы ақпарат таңбалауда жазылып тұрады. Және әрбір ойыншықтың қаптамасы болуы керек, - дейді Гүлдана Кереева.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары мемлекеттік сатып алу арқылы тағам мен түрлі заттарды сатып алады. Бұл мақсатта биыл алты миллион теңгедей қаражат бөлініпті. Осы қаржыға 63 ойыншықты сатып алып, облыстық сараптама орталығы арқылы тексерістен өткізген. Нәтижесі көңілді көншітпейді.

— Сараптама орталығының жүргізген зертханалық зерттеулер нәтижесінде 48 ойыншықта сәйкессіздік анықталды. 48 сәйкессіздіктің барлығы да таңбалау бойынша. Бүгінгі күні облысымызда ойыншықтардың 50 пайызынан астамы техникалық регламентке сәйкес келмейді. Осы ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы техникалық регламент 008 регламент болып табылады. Техрегламенттің ішінде ойыншықтарға қойылатын талаптар көрсетілген. Ата-аналар ойыншықтарды сатып алар кезде ойыншықтан өткір иіс шықпауы керек. Және балалардың зақымдануын болдырмау мақсатында үшкір беті болмауы керек. Әрбір сатып алушы сауда орнынан болсын, жеке кәсіпкерден болсын ойыншықтардың сертификатын сұрауға құқылы. Әрбір өндіруші өзінің шығарған өнімі яғни, ойыншығы үшін сертификат алады. Бұл құжат ойыншықтың қауіпсіз екенін дәлелдейді. Барлық ойыншықта сертификат болуы керек. Тауар өнімін саудалап жүрген сатушылардың қолында барлық құжаты түгел болуы керек. Егер ата-анаға құжат көрсетпесе, олар біздерге (облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті-ред.автор) өтініш жаза алады. Сәйкесінше, дәлелді айғақ болған кезде кәсіпкерлерді заң жүзінде әкімшілік жауапкершілікке тарта аламыз, - деді Гүлдана Кереева.

Биыл ойыншықтарын сатып алып, алайда сертификат көрсетпеді деген шағыммен батысқазақстандықтар облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шағым жазбапты. Өткен жылы да мұндай оқиға тіркелмеген.

Сала мамандары тәтті сыйларды да мұқият таңдап, сатып алуға кеңес береді.