Қазақстанның бокстан ерлер құрамасында бас бапкер ауысты. Енді спортшыларды Нұржан Насанов жаттықтырмақ. Бұл туралы еліміздің бокс федерациясы мәлімдеді.

Федерация таратқан мәліметке сүйенсек, бұрынғы бапкер Қайрат Сәтжанов денсаулығына байланысты қызметінен кеткен. Ол өткен жылдың тамыз айынан бастап Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы болып еңбек етті. Естеріңізге сала кетейік, 35 жылдан астам тәжірибесі бар маман Париж Олимпиадасынан соң, бас бапкерлік қызметіне тағайындалды.

Жаңадан ерлер құрамасының тізгінін алған бас жаттықтырушы Нұржан Насанов бұған дейін Ұлттық құраманың жаттықтырушысы болып қызмет еткен. Ол екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай және тағы басқа боксшыларды тәрбиелеген. 50 жастағы Нұржан Нишанұлы бапкерлік мансабын 2016 жылы бастапты.