Оралда жолда билеген жандар жауапқа тартылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Тәртіп сақшылары таратқан ақпаратқа сүйенсек, жолдың қақ ортасында екі қыз бала би билепті. Осылайша олар өзінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.

– Құқық бұзушылық жасаған тұлғалар анықталып, полиция органдарына жеткізілді. Оларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының бірінші бөлігі (ұсақ бұзақылық) және 615-бабының үшінші бөлігі (жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының өзге де қатысушыларының жол қозғалысы ережелерін бұзуы) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды,– деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Тәртіп сақшылары жолда сақтық шараларын сақтап, «Хайп» үшін адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін іс-әрекет жасамауға шақырады.