Атырау агро-техникалық колледжінде Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Талап бар жерде – тәртіп бар» атты кездесу өтті. Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, халықаралық және республикалық деңгейдегі чемпиондар, оқушылар, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Алғашқы сөзді Атырау қаласы прокуратурасының бөлім бастығы Жасұлан Нұриденов алып, қоғамдағы құқықтық сауаттылықтың рөлі, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және азаматтық жауапкершілік тақырыптарында мазмұнды баяндама жасады. Одан кейін Атырау облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Айбол Ідірісов жасөспірімдер үшін өзекті саналатын есірткі қылмысының алдын алу мәселелеріне тоқталды.
Кездесу барысында төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша да ақпарат берілді. Бұл бағытта Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Аида Хайруллина баяндама жасап, мемлекет тарапынан спортшыларға жасалып отырған мүмкіндіктер мен жастардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңызын түсіндірді.
Жиынның маңызды бөлігі өңір мақтаныштары — чемпион спортшылардың қатысуымен жалғасты. Кикбоксингтен әлемнің екі дүркін чемпионы, он дүркін Қазақстан чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спортшысы Жандос Назарбеков жастарға спорттағы тәртіп, еңбекқорлық және жауапкершіліктің рөлі туралы айтып, табандылық — үлкен мақсаттарға жетудің басты жолы екенін атап өтті. Ал WKF каратэден жастар арасында Әлем чемпионы, Азия чемпионы Әбілмансұр Батырғали жетістік тұрақты еңбек пен ұзақ мерзімді дайындықтың нәтижесінде келетініне тоқталды.
Кездесу соңында басқарма басшысы Нұрбол Сыдықов жастарды білімге, еңбексүйгіштікке, салауатты өмір салтына және заңға құрметпен қарауға шақырып, мұндай шаралардың жас буынды тәрбиелеудегі маңызы зор екенін жеткізді.