Жаңа жыл қарсаңында қылқан жапырақты ағашты кесіп, мерекенің көркін келтіргісі келетіндер көбейеді. Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мамандары шыршаларды кесуге тыйым салғанын еске салады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес орман алқабында шырша кескен жандар әкімшілік және қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартылады. Жеке тұлғалар 100 айлық есептік көрсеткіш, ал заңды тұлғалар мен кәсіпкерлер 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлемек. Заң бұзған адамдар үкімет бекіткен N265 қаулысы «Қазақстан Республикасының орман шаруашылығы заңнамасын бұзудан келтірілген залалдың мөлшерін есептеу үшін базалық ставкалары» бойынша әрбір бұтақ үшін 15 АЕК мөлшерінде келтірілген материалдық залалды өтеуге міндетті.

— Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында жас қылқан жапырақты ағаштардың сақталуын қамтамасыз ету және оларды заңсыз кесуден қорғауды күшейту бойынша қажетті шаралардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Жаңа жыл қарсаңында жас қылқан жапырақты ағаштарды қорғауды күшейту» туралы бұйрығы шығарылады. Осы құжатқа сәйкес, бірінші желтоқсаннан бастап «Орал орман мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» КММ-сінің қызметкерлерінің, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторларының, полиция қызметкерлерінің қатысуымен құрылған мобильді топтары орман екпелерінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Қылқан жапырақты екпелер басым болған орман алқаптарын жүйелі патрульдеуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тұрғындар арасында орманды сақтау және жас қылқан жапырақты ағаштарды жоюға жол бермеу, орман екпелерін заңсыз кесу және бүлдіргені үшін заңмен белгіленген жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде,-деп хабарлады Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің орман қорғау және күзету инженері Аслан Зағыпар.

Сала мамандары орман алқаптарында заңсыз ағаш кесу фактілерімен бетпе-бет кездесеңіз, бірден 102 немесе 26-50-10, 25-08-08 телефондарына қоңырау шалуды сұрайды.