Жаңаөмір ауылы қаланың іргесінде орналасқан. Теректі ауданына қарасты ауылдың мәселесі шаш етектен. Жаңаөмірде не жол, не жарық, не қалаға қатынайтын автобус, қоқыс тастайтын полигон жоқ.

Бұдан өзге осы ауылда 2019 жылы 780 учаске болатын жер телімі беріліпті. Бес жыл өтсе де тұрғындардың мәселесі шешімін таппай келеді. Тұрғындар су, жарықты жылдан сұрап, хат пен талай табалдырықты тоздырып жүріп, шешілгенін айтады. Ендігі мәселе көгілдір отынның жоқтығы.

Биыл Теректі ауданының құрылыс бөлімі Жаңаөмірдің «ПДП-1» деген ауданына газ тарту жұмыстарын бастапты. Жоба бойынша барлық жұмыс 16 желтоқсанда аяқталуы керек екен.

-          2019 жылы он жыл кезекте тұрып жер телімін алдым. Ол жерге үй салып, бірінші болып қоныстандым. Жарықты талай мәрте әкімге кіріп, Астанаға барып, қостырдық. Үш жылдан бері баспанамды электр жарығымен жылытып отырмын. Жаздыгүні жарық үшін 50 мың теңге төлеймін. Қыста электр энергиясының бағасы 120 мың теңгеге дейін өседі. Коммуналды шығын қалтағаны қағады. Бұдан бөлек, егде тартқан жандар отын жағып, баспанасын жылытып отыр. Биыл біз тұрып жатқан «ПДП-1» ауданына газ тарта бастады. Жұмыстың барлығын 16 желтоқсанда аяқтауы керек. Көктем мен жазда мердігер жұмысқа кіріспеді. Тек тамызда ғана барлығын қазып, құбырларды жүргізе бастады. Қазір жұмыс аяқталған жоқ. Жақында аяғы ауыр көршім мердігерге барып: «Құжат жинай берейік пе?»,- деп сұраған. Газ тартып жатқан компания: «Биыл желтоқсанға дейін жұмысты аяқтай алмауымыз мүмкін. Асықпаңыз»,- деп айтқан. Жұмыс неліктен уақытында аяқталмайды?,— деп мәселесін ортаға салды Жаңаөмір ауылының тұрғыны Айсұлу Бахтиярова.

Ауыл тұрғындары газ тарту жұмыстарын желтоқсанның соңына дейін аяқтауды сұрап, облыс әкімдігіне келді. Тұрғындар бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселені аймақ басшысы Нариман Төреғалиевке айтпақ болды. Бірақ әкімдік қызметкерлері өңір басшысы жиналыста деп хабарлады.

Тұрғындарға облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Парасат Жұмағалиев келді. Ол азаматтарды тыңдап, мәселесіне қанықты. Кейін, тұрғындар әкім болмаса, оның орынбасарын шақыртуды талап етті. Біраз уақыттан соң жаңаөмірліктермен облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй кездесті.

Жоба бойынша көгілдір отын тек көшеге дейін тартылмақ. Тұрғындар баспанасына газды өз қалтасын тартады. Одан бұрын барлық құжатын дайындап, тапсыруы шарт.

Әкім орынбасары облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Парасат Жұмағалиевке ауданда «ПДП-1» ауданында тұрып жатқан он шақты тұрғынның техникалық шарттарын қабылдай беруге тапсырма берді.

Тапсырыс беруші Теректі ауданының әкімдігі. Теректі ауданы әкімінің сөзіне сәйкес, жоба аяқталады деді. Сенетін боламыз. Бірақ, параллельно техникалық шарттарын алу мәселесі тұрғындардың өздеріне байланысты жүргізілетін болады,- деп айтты Мирас Мүлкәй.

Үшінші желтоқсанда түстен кейін облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары, құрылыс бөлімі, мердігерлер Жаңаөмір ауылына барып, нысанның басында жиын өткізбек.

Ал, Жаңаөмір ауылының тұрғыны Айсұлу Бахтиярова желтоқсанның аяғына дейін ауылда газ тарту жұмыстары аяқталмаса, Астанаға энергетика министрлігіне баратынын мәлімдеді. Ол тұрғындар болып, желтоқсанның аяғында облыс әкіміне не алғыс айтып, не мәселемді айту үшін қабылдауға жазылатынын да атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Теректі ауданы әкімдігі Жаңаөмірге көгілдір отынды «Газстрой» мекемесі тартады деп хабарлаған еді. Көгілдір отын тарту үшін облыстық бюджеттен 420764 мың теңге бөлінген.