Астана, NEGE. Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов компания жетістіктерін баяндап, жаһандық ядролық нарықтағы үрдістерге баға берді және Қазақстанның атом энергетикасының әлемдік жаңа кезеңіне қалай дайындалып жатқанын түсіндірді.
Жаһандық жағдай және нарықтағы трендтер
Компания басшысының айтуынша, уранға деген сұраныс ұзақ мерзімді перспективада өседі. Әлемде жаңа АЭС салу қарқыны мен қолданыстағы станциялар қызметінің ұзартылуын ескерсек, 2050 жылға қарай реакторлар саны 730 бірлікке жетеді. 2030 жылдан бастап сарапшылар уран бойынша құрылымдық тапшылықты күтуде. Бұл фактор бағаның әрі қарай өсуіне ықпал ететіні сөзсіз.
Қазатомөнеркәсіп саланың көшбасшысы мәртебесін сақтап келеді. Қазақстан әлемдік уран өндірісінің шамамен 40 пайызын қамтамасыз етеді. 2018 жылғы IPO-дан бері компанияның нарықтық капитализациясы 3 млрд доллардан 15 млрд долларға дейін ұлғайды. Бұл тұрақты сұранысты және халықаралық инвесторлардың жоғары бағасын көрсететін бесе есе өсім.
Жаңа нарықтар және тоғыз айдың қорытындысы
Компания логистиканы сәтті әртараптандырып отыр. Жеткізілімдер Санкт Петербург арқылы да, Транскаспий бағытымен де жүзеге асырылады, екі маршрут та тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.
Сату портфеліне жаңа елдер қосылды. 2025 жылы Чехия мен Швейцария пайда болды, Жапония мен Оңтүстік Корея ұзақ мерзімді келісімдерге қызығушылық білдіруде. Бұған дейін компания тарихында алғаш рет БАӘ Барака АЭС үшін уран жеткізді.
2025 жылдың тоғыз айының қорытындысына сәйкес, уран өндірісі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға өсіп, 18 709 тоннаға жетті. Сату көлемі 12 776 тоннаны құрап, 10 пайызға артты. Консолидирленген табыс 1,2 трлн теңгеге жетті. Операциялық табыс 498 млрд теңгеден асты. Таза табыс 533 млрд теңгені құрады.
Ресурстар мен технологияларға инвестициялар
Негізгі басымдықтардың бірі шикізат базасын нығайту болып қала береді. 2030 жылға дейін геологиялық барлау жұмыстарына бөлінетін инвестициялар 85 млрд теңгеден асады. Биыл жалпы қоры шамамен 60 мың тоннаны құрайтын екі жаңа учаскеде жұмыстар басталды.
Барлық өндіру жұмыстары жер асты ұңғымалық шаймалау әдісімен жүргізіледі. Бұл технологияны МАГАТЭ ең қауіпсіз әрі экологиялық тәсіл деп мойындаған. Ол қалдық қоймаларын салуды қажет етпейді, жер бетіне зиянды әсерді азайтады және учаскелерді үш-төрт жыл ішінде қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Сирек металдар
Бұл компанияның негізгі қызмет бағыты болмаса да, сирек металдар саласы стратегиялық маңызды болып отыр. Ульбин металлургия зауыты бериллий, тантал және ниобийді толық циклмен қайта өңдеп, дайын өнімге дейін шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі. Компания бұл өндірістер үшін минералдық шикізат базасын кеңейту мүмкіндігін қарастыруда.
Инфрақұрылымға және өңірлерге инвестициялар
Өндірістік қуат пен инфрақұрылымды қолдауға бағытталған ірі жобаларға 260 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Құрылыстың өзінде мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
2019 бен 2025 жылдар аралығында компания медицина, спорт, мәдениет және білім салаларындағы 450 ден астам әлеуметтік жобаны іске асырды. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалану міндеттемелері аясында жыл сайын өңірлердің әлеуметтік экономикалық дамуына 2-3 млрд теңге бөлінеді.
ESG көрсеткіштері
Тұрақты даму корпоративтік стратегияның маңызды бөлігі саналады. 2025 жылы S&P Global берген ESG бағасы 50 балл болды. Бұл салалық орташа деңгейден шамамен екі есе жоғары. Экологиялық, әлеуметтік және басқару бастамаларын жүйелі түрде енгізуге бағытталған ESG тәжірибесін жетілдіру жөніндегі Жол картасы бекітілді.
Компанияның айтуынша, Қазатомөнеркәсіп тұрақты өсім стратегиясын ұстануды жалғастырып, Қазақстанның әлемдік уран нарығындағы позициясын нығайта береді және саланың ұзақ мерзімді дамуына инвестиция салуды жалғастырады.
Дана Рахметова