Қазақстандық талапкерлер қаңтар мен ақпанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырады. 187 мың адам білім сынағын тапсыруға өтініш білдіріпті. Қаңтар айының қорытындысы бойынша 139 мың талапкер ҰБТ тапсырған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлайды. Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, қаңтарда өткен сынақтың қорытындысы бойынша орташа бал 64-ті құрапты. Ең жоғарғы көрсеткіш 138 балды құрайды.
Талапкердің сынақ аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Ал техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.
– ҰБТ-ны өткізудің үш аптасында 244 ереже бұзушылық анықталды. 152 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 92 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ, – деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.
ҰБТ аяқталғаннан кейін білім сынағының бейнежазбасы мұқият тексеріледі. Тексеріс 31 қазанға дейін өтеді. Министрлік : «Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады», – деп ескертеді.
Қыста өтетін ҰБТ оныншы ақпанға дейін жалғаспақ.