БҚО-ның бас имамы Құрбан айтта жақсылықты жария қылмауға шақырады

Қазақстанда 6 маусым Құрбан айт деп бекітілді.

Қазақстанда  6 маусым Құрбан айт деп бекітілді.
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Елімізде биыл алтыншы маусым Құрбан айт деп бекітілді. Осы жұма-діни мерекенің алғашқы күні. Қазақстандықтар демалады. Күллі мұсылмандар бұл күнді асыға күтеді. Исламда Құрбан айттың алатын орны ерекше. 

«Құрбан» сөзі «жақын болу» немесе «жақындық» деген мағынаны білдіреді. Имамдар  Алланың ризашылығы үшін құрбандық шала отырып, мұсылман баласы жаратқан Иесіне жақындап, күнәларының кешірілуіне мүмкіндік алады, — деседі. 

Қасиетті мейрамда құрбандық шалу әрбір ақыл-есі сау, жолаушы болмаған, мал-дүниесі нисап мөлшеріне жететін мұсылман адам үшін уәжіп. Шамасы келген жан өзге адамның мұқтажын өтейді. Мал сояды. Құрбанға шалған малдың етін үшке бөледі. Бір бөлігін өзінің отбасына қалдырып, екінші бөлігін ағайын-туысқа, ал үшінші бөлігін мұқтаж жандарға бөліп береді.

— Аса қасиетті Алланың атымен бастаймын. Осы қасиетті Құрбан айт — жалпы дініміз бен дәстүрімізді ұлықтайтын ұлық мейрамдардың бірі. Өйткені Алла тағала қасиетті Құранда: «Раббың үшін құрбан шал, намаз оқы», — деп айтады. Аллах тағала бұл намаз оқы дегенді айт намазы және Алла жолында құрбан шалуды әрбір ақыл-есі дұрыс, жағдайы бар адамға құрбан шалуды Алла тағала міндеттейді. Яғни, жағдайы болып, құрбандыққа мал шалатын жағдайы болуы керек. Осы Құрбан айттың ерекшелігі — адам баласы осы айтта бір-біріне жақсылық жасап, жағдайы бар кісі бір мұқтаж адамның мұқтажын өтеп, осы Алла тағаланың алдында ең маңыздысы шалған құрбандығының сауабын алу, — дейді Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Қанатқалиұлы.

Биыл Орал қаласында айт намазы таңғы 6:30-да оқылады. Қала әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, 2025 жылы құрбан шалатын үш орын бекітілді. «Кублей» зауыты, «Ел ырысы» базары мен «Батыс адал ет» мекемесінің аумағында құрбан шала алады.

Құрбан айтта қауіпсіздік мәселесі өте өзекті. Өткен жылы Орал қаласында құрбан шалатын орында газ баллоны жарылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мереке Жұмағалиевтің хабарлауы бойынша биыл «Ел ырысы» базары аумағында бір техника мен инспектор құрбан айт күндері кезекшілік атқармақ. Қалған мекемелер өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.  

— Ашық отты пайдалану кезінде яғни, мал басын ұйыту кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек! Қазір көпшілік жағдайда газ баллондарды пайдаланады. Гарелка деп айтайды. Газ баллонды сақтау кезінде қазір күн ыстық, ашық алаңда емес, желдетіліп тұратын жабық жерде немесе навестердің астында сақтау қажет, — дейді Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдай департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мереке Жұмағалиев.

Қазіргі таңда құрбандыққа шалынатын қойлардың бағасы әртүрлі. Хабарландыруларда Шопан ата төлінің құны 40 мың теңгеден басталып, 55-60 мың теңге аралығында саудаланып жатыр.

Облыстың бас имамы мереке қарсаңында жақсылықты мешіт арқылы жасауға және жария қылмауға шақырады.

— Құрбан айт діни рәсім болғаннан кейін, бұл діни рәсімді мешіттер арқылы жасалуын жамағаттан өтінеміз. Қасиетті Құрбан айтта адам баласын сауап алуға және діни рәсімді өткеруге шақырамын! Және осы сауап үшін жасаған барша амалдарыңызды жария қылмай, соны жасырын адам баласына бір үлкен сауап алайын деп, жақсылыққа шақырған кезде шама келгенше барлық нәрсе, Алла тағала мен адам баласы арасындағы үлкен сауап алатын нәрсе жариясыз болғаны. Мұқтаждарға көмектескен үлкен сауап болады. Сондықтан осы діни рәсімді риялықпен, мақтанышпен жасамауға шақырамыз, — дейді облыстың бас имамы Самат Қанатқалиұлы.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы биыл да құрбанды онлайн шалуға арналған сайтты іске қосты. Қашықтан құрбан шалғысы келетіндер qurban.muftyat.kz сайтынан мал таңдап, көмек алғысы келетіндер өтініш қалдырып, құрбан шалынғаны туралы ақпарат алады.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp