Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты Атбасар түрмесінде ондаған тұтқынды ұрып-соғып, азаптады деп айыпталған 12 қызметкерді ақтады. Істі сот алқасы қараған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
–Алқабилер істі қарау қорытындысы бойынша сотталушылардың кінәсіздігі туралы шешім шығарды. Қылмыс оқиғасының болмауы және сотталушылардың кінәсіздігі туралы шешім кеңесу бөлмесінде дауыс беру арқылы қабылданды, - делінген сот хабарламасында.
Дауыс беруге он алқаби және бір судья қатысып, әрқайсысы бір дауыстан ие болған. Нәтижесінде, сот үкімімен қылмыстық атқару жүйесінің 12 қызметкері кінәсіз деп танылды. Ақталғандарға оңалту құқығы танылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар қаласындағы колонияда отырған Тимур Дәнебаев пен басқа да сотталған адамдардың соққыға жығылғаны көрінетін видео тарады. Бұл оқиғаға байланысты түрменің 12 қызметкеріне айып тағылып, сот процесі 2024 жылдың шілдесінде басталған болатын.
Айыпталушылар түрменің ішкі ережесіне сай, тәртіп сақтап, қарсылық көрсеткендерге арнайы құралдар қолдануға мәжбүр болғанын, заң бұзбағанын айтып, өздерін ақтауды сұрады.
Биыл ақпанда бірінші инстанциядағы сот түрме қызметкерлерін ақтады.
Жәбірленушілердің арасында "ұлтаралық араздық қоздырған" деген айыппен үш жылға сотталған азаматтық белсенді Тимур Дәнебаев та бар. Былтыр күзде Дәнебаев сотта куәлік етіп, оны әжетханадағы еденді жууға мәжбүрлегенін, бас тартқаннан кейін қатты соққыға жыққанын айтты. Оның айтуынша, оны әжетхананы жууға мәжбүрлеп, басын унитазға тыққан.