Орал қаласында орналасқан Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының ғимараты осыдан үш жыл бұрын жөндеуге жабылды. Әуелі мәдениет ошағын жөндеуді «Өркен сервис» мекемесі бастады. Олар мекеменің шатырын ауыстырыпты. Кейін, ғимараттың тарихи ескерткіштер қатарына енгені анықталып, тапсырыс берушілер компанияны сотқа берді.
– Қазақ театры жөндеуге 2023 жылдың 23 мамырында жабылды. Сол кезде мемлекеттік сатып алуды «Өркен сервис» компаниясы ұтып алған еді. Олар тек төбесін ғана жасады да, біздің театр архитектуралық ғимаратқа кіргендіктен, әрі қарай жөндеу жұмысы жасалмай қалды. Олардың лицензициясы болмады. Сот оларға ары қарай жұмыс істеуге рұқсат берген жоқ. Алты ай уақытымыз солармен кетіп қалды. Театрды жөндеу үшін қайтадан құжат жасауға тура келді. Сол кездегі облыс әкім орынбасары болған Бақытжан Нарымбетовке кіріп, жертөлеге су кеткенін айтып, фото, видеоларды көрсетіп, қайтадан құжат жасадық, - деді Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының директоры Нұржан Тасболатов.
8-9 айдай жасақталған жаңа жобалық-сметалық құжат бойынша жөндеу құны үш миллиард теңгеге шығыпты. Алайда, бекітілген сомма 2 миллиард 160 миллион теңгені құрады. Өткен жылдың маусымында мемлекеттік сатып алу тапсырысын Алматылық «Күмбез» ЖШС ұтып алды. Компания театрдың инженерлік желілерін алмастырып, ғимараттың ішін жөндеп, су басқан жертөлесін қаптап, сахна мен көрермен залын жөндеуі шарт.
– «Күмбез» компаниясы жөндеуді өздерінің қаражатына жасап жатыр. Олар атқарылған жұмыстың есебін жасалған жұмыс актісін беріп отыр. Сол жасалған жұмыс актісі бойынша бюджеттен қаражат бөлініп төленіп отыр. (..)Қазіргі таңда 50 пайыз жұмыстың қаржысы төленді. Бірақ олардың жасалған жұмыстары 50 пайыздың асып кетті, – дейді Нұржан Тасболатов.
Ғимарат қашан ашылады деген сұрақ көпті мазалайды. Театр көрермендері бұл күнді асыға күтіп жүргені анық. Мердігер компания жөндеу жұмыстарын құжат бойынша 2026 жылдың бірінші кварталында аяқтауы тиіс.
Қазіргі таңда ғимараттың үшінші қабатында жөндеу жұмыстары аяқтала келіпті. Кабинеттер сырланып, жаңадан есіктер қойылған. Жұмысшылар тек еденнің ернеуліктері орнатылуы керек.
– Біздің компания 2025 жылдың алтыншы маусымында жөндеу жұмысына кірісті. Қазіргі таңда 67 адам нысан басында жұмыс жасап жатыр. Олардың 90 пайызы - жергілікті жерде тұратын адамдар. Көрермен залы мен фойесінде демонтаж жұмыстары аяқталып, әрлеуі қалды , – дейді «Күмбез» ЖШС учаске бастығы Қуаныш Қабиден.
Ғимараттың екінші қабатында орналасқан кіші көрермендер залы заман талабына сай жабдықталмақ. Театр басшысы мұнда түрлі кеш пен кездесу жасайтын арнайы зертхана болатынын айтады. Зертхана қара түске боялған. Бұрын үлкен сахнада қолданылған жарық пен дыбыс аппаратурасын қолданбақ.
Қазіргі таңда мердігер компания компания көрермен залы мен фойенің жөндеуіне кіріскен. Көрермен залы мен сахнада жылу батериялары орнатылған. Көрермендер залында орындықтар ауыспайды. Тек едені мен төбесі жаңаланып, қабырғасы сырланбақ.
– Театрдың жөндеу жұмыстары 70-80 пайызы аяқталды. Енді көрермен залы мен фойеміз қалып тұр. Көрермен залында жөндеу жұмысы жасалып жатыр. Соңғы кезеңі қалды. Алматы қаласынан материалдарды күтіп отырмыз. Материалдар келгесін, қалған жұмыстарын бітіреді. Осы театр салынғалы ауыспаған штангеттердің тростары түгелдей ауыстырылды, жаңадан қойылды. Механикалық қозғалтқыштары да майланып іске қосылды. Сахнамыздағы айналма едені де қайтадан жөнделіп тросы ауыстырылып іске қосылды. Театрдың жарығы мен дыбыс аппаратурасы ауысатын болады, - деп хабарлады Нұржан Тасболатов.
Театр фойесінің дизайны өзгермек. Сала мамандары қазақы нақышқа екпін салған. Осы дизайн өткен жылдың 30 желтоқсанында бекітіліпті. Эскиздерін Ақтөбенің дизайнері жасаған. Театрдың жаңа дизайнын жариялауға не басшы, не мердігер компанияның өкілі келіспеді. Олар «Бұл театр көрермендері үшін тосынсый болсын», деп айтты. Қазіргі таңда мамандар Алматыдан келетін материалдарды күтіп отыр. Жұмысшылар қажетті керек-жарақты дайындауда.
Күрделі жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың инженерлік желілері жаңарған. Электр желісі, жылу, салқын мен ыстық судың құбырлары, өртке қарсы гидранттар ауыстырылып, вентиляциясы жаңаланбақ. Жылу желінің жаңарғанының арқасында театрдың іші жылы болып, ыстық су болады.
Театр ғимараты өзге мекемелерге қарағанда 17 сантиметрге төмен орналасқан. Соның салдарынан көктем мен күз мезгілдерінде жаңбыр мен қар суы жертөленің орта беліне дейін жиналатын болған. Аталған мәселені шешу үшін мердігер компания гидрооқшаулау жұмыстарын жүргізді. Яғни, ғимараттың айналасын қазып, су өтпейтіндей етіп қаптапты. Құрылысшылардың айтуынша, биылғы күзде жертөлені қызыл су баспаған.
Ғимарат жөндеуге жабылғанына қарамастан, Хадиша театрының әртістері 2024–2025 жылдары жаңа қойылымдарды көрермен назарына ұсынды. Мәдениет ошағының директоры соңғы жылдары театр ұжымы түрлі фестивальдерге белсенді қатысқанын атап өтті.
2024–2025 жылдары театр ұжымы Петропавл, елорда, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Қырғызстан Республикасының астанасы Бішкек қаласына гастрольдік сапармен барыпты. Хадиша театрының әртістері көрермендердің ыстық ықыласына бөленген.
Театр басшысы мен «Күмбез» компаниясының жөндеуге жабылған ғимаратты 27 наурыз — Халықаралық театр күні пайдалануға беруді жоспарлап отырғандарын хабарлады.