Ақтөбе облысында «Авиажөндеу зауыты №406 ГА» АҚ-ның бұрынғы басшысына қатысты тергеу аяқталды. Бұрынғы басшысы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
–Күдікті қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, әуе кемелерін жөндеуге арналған тауарлық-материалдық қорларды заңсыз есептен шығару схемасын ұйымдастырған. МИ-2 тікұшақтарына, АН-2 әуекемелеріне және қозғалтқыштарға арналған агрегаттар мен қосалқы бөлшектерді жалған сатып алу тиесілі бақылауындағы компаниялар арқылы жүргізілген. Зауыттың құжаттарында аталған агрегаттар қоймадан алынған және күрделі жөндеу кезінде авиациялық техникаға орнатылған ретінде көрсетілген, бірақ іс жүзінде қолданылмаған. Кейіннен олардың пайдаланылғанын формалды түрде растайтын есептен шығару актілері бекітілген,- деп хабарлады қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Зауыттың бұрынғы басшысы мемлекетке 110 миллион теңге залал келтірген. Сот санкциясымен күдіктіге тиесілі екі пәтер мен жер учаскесіне тыйым салынды.