Жыл сайын қыз-келіншектер жаңа жылдық дастарханды түрлі тағаммен толтырып, мерекелік мәзірді ұзақ ойланып, жоспарлайды. Жаңа салат, ыстық тағамның түр-түрі дастарханның көркін келтіреді. Осы орайда астан уланып қалмау маңызды!
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тағамды тұтынғанда сақтық шараларын есте сақтауға шақырады. Мерекеде саулық сыр бермес үшін мына қағидаларды ұстанған абзал!
– Жаңа жыл мерекесінде тамақтан уланудың алдын алу бірнеше қарапайым ережелері бар. Ең біріншісі адам өзінің жеке гигиенасын сақтауы керек. Тамақтану орны болсын, үйде болсын адам ең басты жеке гигиенаны сақтау шарт. Азаматтар көше бойында, жерде сатылып жатқан тағамдарды сатып алудан бас тартуы қажет. Тамақ өнімі тез бұзылады. Оны сақтайтын орын болады. Тамақтың арнайы температурасы мен ылғалдылығы болады. Сол себепті дүкен не супермаркет, жабық базарлардан сатып алған жөн. Енді салаттарға тоқталсақ. Көп компонентті салаттарды көбінесе майонезбен жасайды. Ол тағамдарды дастарханға қоймастан бұрын, бірер сағаттай бұрын майонез қосқан абзал. Және жаңа жасаған тағамды, бірер күн бұрын немесе кеше кеште жасаған тағаммен араластыруға болмайды. Тоңазатқышта шикі мен піскен тағамды бірге, араластырып сақтауға болмайды. Және шөп-шалаңды (укроп, петрушканы) қайнаған суға жуып, жақсылап мол суға шайып алыңыз. Тағамды сатып алғанда, оның шыққан күні мен қай уақытқа дейін сақталатынына көңіл бөліңіз. Банкада сақталған тамақты алсаңыз, құтысы ісінбеу керек. Ол бір тұтас, еш зақымданбауы шарт, -дейді Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары астан уланған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуді сұрайды.
Осы уақытқа дейін өңірде топтық улану дерегі тіркелмепті. Алайда үйде бірен-саран астан уланып қалғандар бар екен.