Елімізде жемқорлардан тәркіленген қаражатқа мектеп пен әлеуметтік нысан алу үрдісі қалыптасқан. Оқу-ағарту министрлігі тәркіленген ақшаға 77 мектептің бой көтергенін хабарлады. Қазіргі таңда 86 мың оқушы жаңа ғимараттарда білім алуда. Министрліктің инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Мақсұтов білім беру ордаларының басым көпшілігі Алматы, Түркістан, Жамбыл облысы мен Астана қаласында орналасқанын атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Қор қаражаты есебінен 100 мыңға жуық оқушы орындық 89 мектептің құрылысы қаржыландырылды.