Қазақстан жаңа астықтың 5,1 миллион тоннасын шетелге экспорттапты. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Министрлік «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының таратқан ақпарына сүйене отырып, шетел асқан өнім өткен жылдың қыркүйегі мен 2026 жылдың 15 қаңтарына дейін тасымалданғанын хабарлады.
Шетел асқан астықтың басым көпшілігі Өзбекстанға экспортталыпты. Көрші Қырғыстанға саудалаған өнімнің көлемі артқан. Бұрын 85 мың тонна болса, қазір 150 мың тоннаны құрап отыр. Ауғанстанға да астық экспорты 71,6%-ға артып, жөнелтілген өнім 204 мың тоннадан 350 мың тоннаға жетіпті.
– Астық экспортының көлемінің артуы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені әлеуетінің жоғары екенін, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін және дәстүрлі әрі жаңа нарықтарда қазақстандық астыққа сұраныстың тұрақты екенін дәлелдейді, - деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.