Бесінші құрылтай Қызылорда төрінде өтуде. Құрылтайға шақырылған меймандар маңызды сауалдарды талқылап, мәселені шешуге бағытталған ұсыныстарын ортаға салып жатыр. Ақмешітте ұйымдастырылған жиынға мемлекет басшысы қатысуда. Ол Қызылорда облысының жетістіктерін жіпке тізіп, облыс әкімінің жұмысын жақсы бағаланады. Президент құрылтайда Арал теңізінің жағдайына тоқталды.
– — Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр,—деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жоба 2026 жылдың соңында басталмақ. Бұл Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге септігін тигізеді.
— Бірақ бұл – тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет,—деп тарқатты президент.
Мемлекет басшысы: «Су-еліміз үшін стратегиялық ресурс»,- екенін атап өтті. Ол тіршілік нәрі мәселесін шешу үшін жүйелі түрде айналысу керектігін еске салды.
– —Мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет. Алдағы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз. Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенеміз,— дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.