Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бірінші проректоры, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ мердігер ұйымдардың басшылары бюджет қаржысын жымқырған. Күдіктілердің қылмысының кесірінен мемлекетке 321 миллион теңгеге залал келген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Агенттік таратқан ақпаратқа сүйенсек, күдіктілер тауарлар іс жүзінде жеткізілмеген немесе жасанды түрде қымбат бағамен сатып алынған, жалған мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасқан. Байланысы бар жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың шоттарына аударылған қаражат кейінен қолма-қол ақшаға айналдырылып, қылмыстық қатысушылар арасында бөлінген.
– Схема аясында университет басшылығы нарықтық құны 200 мың теңгеден аспайтын бір креслоны 20 миллион теңгеге сатып алған. Нақты жеткізілімдердің болмауын жасыру мақсатында күдіктілер тозған тауарлық-материалдық құндылықтарды балансынан формалды түрде есептен шығарып, оларды іс жүзінде пайдалануды жалғастырған. Ал есептен шығарылған мүліктің орнына келуі тиіс жаңа тауарлар мүлдем жеткізілмеген,–деп хабарлады Қаржылық мониторинг агентігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Тергеу барысында күдіктілер 264 миллион теңгені ерікті түрде өтепті. Соттың санкциясымен олардың мүлкіне — төрт тұрғын үйге, бір автокөлікке және банктік шоттардағы 40 миллион теңге көлеміндегі ақшалай қаражатқа тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданған.