Қаржылық мониторинг агенттігі мен прокурорлар бірлесіп әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қыруар қаржы жымқырғандарға қатысты тергеуді бастады. Астанада орналасқан жеке клиникалардың басшылары 682 миллион теңгені қалтаға басты деп күдікке ілінген. Олар көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін ақы алыпты.
2022 жылы қос емдеу мекемесі иелері мен МӘМС қоры 2,4 миллиард теңгеге келісімшарт жасасқан. Медициналық мекемелердің басшылары жалған ақпарат беріпті. Олар күн сайын 90 адамнан -150 науқасқа дейін қаралғаны туралы есеп тапсырған.
- Жобаны іске асыру басталғаннан кейін клиникалар басшысы алаяқтық схема ұйымдастырып, медициналық көмекті іс жүзінде алмаған пациенттер туралы ақпараттық жүйеге көрінеу жалған мәліметтер енгізген. Атап айтқанда, жалған диагноздар мен көрсетілмеген қызметтер тіркелген. Күн сайын жалған түрде тіркелетін пациенттер саны 90-нан 150 адамға дейін жеткен. Нәтижесінде клиникалар нақты көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін қор қаражатынан заңсыз түрде 682 миллион теңге алған,– деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Агенттік таратқан ақпарына сүйенсек, өткен жылдың қаңтар айында клиниканың басшысы мен оның жұбайы қылмыстық жолмен алынған табыстың 364 миллион теңгесін жеке есепшоттарына аударған.
Қазіргі таңда күдікті қамауға алыпты. Сот санкциясымен оның мүлкіне: Испаниядағы қала сыртындағы үй, Астана қаласындағы пәтер, сондай-ақ автокөлікке тыйым салынды.