Батыс Қазақстан облысында пиротехникалық заттарды заңсыз саудалағандар екі миллион теңгеден астам айыппұл төледі. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті полиция департаментіне сілтеме жасап, хабарлады. Өңірде пиротехникалық өнімдерді соңғы екі жылда 44 адам заңсыз саудалапты.

Жаңа жылда пиротехникалық заттардың саудасы қызады. Сұраныс пен ұсыныс көбейеді. Алайда пиротехникалық бұйымдарды дұрыс қолданбаса, қоғам мен адамдардың денсаулығына қауіп төндіреді. Соңғы екі жылда облыс аумағында пиротехникадан зардап шегіп, саулығы сыр берген адам болмапты. Десек те, дәрігерлер абай болу керектігін еске салады.

Пиротехникалық заттарды сатып алғанда нені білу керек? Төтеншеліктердің кеңесі қандай?

  • Өнімнің сертификатына;

  • Жарамдылық мерзіміне;

  • Қаптаманың бүтіндігіне;

  • Нұсқаулықтың болуына ерекше назар аудару қажет.

Пиротехниканы қолданған кезде қандай қауіпсіздік шараларын ұстанған абзал?

  • Қолдану жөніндегі нұсқаулықпен және жоғарыда атап өткен қауіпсіздік шараларымен танысқанға дейін сатып алынған пиротехниканы пайдаланбау;

  • Жел екпінінің секундына бес метрден артық болған кезде пиротехниканы қолданбау;

  • Қауіпті аймақта адамдар, жануарлар, жанғыш материалдар, ағаштар, ғимараттар, тұрғын ғимараттар, электр кернеу сымдары болған кезде пиротехниканы қолданбау;

  • Үлкен отшашуларды қолмен атуға және оларды қолданғаннан кейін екі минут ішінде өнімдерге жақындамау;

  • Жарамдылық мерзімі өткен, сондай-ақ көрінетін зақымдануы бар өнімдерді пайдаланбау;

  • Қолдану жөніндегі нұсқаулықта және осы қауіпсіздік шараларында көзделмеген кез келген әрекеттерді жүргізуге, сондай-ақ дайын бұйымдарды бөлшектеуге немесе қайта жасауға болмайды;

  • Пиротехниканы жабық үй-жайларда, пәтерлерде, кеңселерде пайдалану, сондай-ақ балкондар мен лоджиялардан отшашуларды іске қосуға тыйым салынады;

  • Балаларға пиротехникалық бұйымдарды өз бетінше іске қосуға рұқсат етуге болмайды;

  • Ылғал пиротехникалық бұйымдарды жылыту аспаптарында, жылыту батареяларында кептіруге қатаң тыйым салынады.

Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің таратқан ақпарына сүйенсек, Оралда пиротехникалық заттарды саудалайтын, рұқсат етілген екі дүкен бар. Оның бірі «Турист» және «Оруженный дворь» сауда үйі екен.