Орал қаласында әдеп жөніндегі кеңес өтті. Жиында Жаңақала ауданы әкімінің аппарат басшысы, әдеп жөніндегі уәкілі Ахан Қапановтың ісі қаралды. Мемлекеттік қызметші аудандық мәслихат төрағасымен сөзге келіп, әкімшілік ғимараттың ішінде жаға жыртысқан. Бұл туралы облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы басқармасының бас маманы Дулатбек Молдағалиев мәлімдеді. Оқиғадан соң мәслихат төрағасы полицияға арызданыпты. Тәртіп сақшылары істі саралап, оқиғаның қоғамдық орында болмағанын ескере отырып, әкімшілік іс қозғамапты. Кейін аудандық мәслихат төрағасы әдеп жөніндегі кеңеске шағымданған.
– Жоспардан тыс тексеру барысында оқиға 2025 жылдың сегізінші желтоқсанында кешкі сағат 18:40 шамасында әкімшілік ғимараттың ішінде орын алған. Мәслихат төрағасы барлық ауылдық округтер әкімінің халық алдындағы есеп беруі кездесуіне мәслихат төрағасы осы жиналыстың өтетіндігі жайлы хабарсыз екені белгілі болды. Осы анықтау барысында не үшін қатыспаған себебі аппарат басшысы Қапанов барысында кикілжің туындап, жаға жармасу орын алған және соңында әріптестер ажыратып алуына дейін барған. Дәл осы кезде Қапанов мәслихат төрағасына балағат сөздер қолданғаны белгілі болды, – деді Дулатбек Молдағалиев.
Лауазымды тұлға әдеп жөніндегі кеңеске қатыспады. Ол өзге қылмыстық іс бойынша сот отырысына қатысуына байланысты істі кеңес мүшелері өздері қарап шықты. Болған оқиғаны кеңестің мүшелері біраз талқыға салды.
Кеңесте аппарат басшысының 2025 жылдың шілдесінде Жаңақала ауылының әкімі болып еңбек еткен кезде әдеп кеңесінде ісі қаралып, тәртіптік жаза арқалағаны белгілі болды. Алайда әкім қызметінен кеткен соң, Ахан Болатұлыға қатысты тәртіптік жазаның күші жойылған.
Серік Сүлеймен ескерту түріндегі жаза беру туралы ұсынысын айтты. Бұл ұсынысты екі адам қолдады. Әдеп кеңесінің мүшелері көпшілік дауыспен Ахан Қапановқа қатаң сөгіс беруді ұйғарды.
Әдеп жөніндегі кеңесте 2025 жыл бойынша атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Өткен жылы құмар ойындарға әуес болған мемлекеттік қызметшілер жұмыстан қуылыпты. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметкерлердің өмірбаяны жайлы мәліметтер толықтырылмай, оларға төленетін іс-сапар шығындары мен еңбек демалысының ақысының уақытылы төленбегені анықталды.