Батысқазақстандық дәрігерлер баспаналы болды. Ауылдық жерде жұмыс істейтін ақ халатты жандарға қызметтік пәтердің кілті табысталды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.

        Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақжайық ауданында ақ халатты жандарға жаңа қызметтік үйлер табысталды Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Ақжайық ауданының Чапаев және Тайпақ ауылдарында медицина қызметкерлеріне арналған жаңа қызметтік үйлердің кілттері салтанатты түрде табысталды. Бұл — шалғай ауылдардағы денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған маңызды әрі нақты қадам, — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Баспаналар Тайпақ пен Чапай ауылында бой көтерген. Тайпақта салынған алты пәтерлік үш үйдің кілттері үш медицина маманына табысталды. Жаңа үйдің кілтіне жалпы тәжірибелі дәрігер Данияр Құлахметов, онколог, рентгенолог, терапевт Нуризат Исатаева мен жалпы тәжірибелік дәрігер Бекнұр Орынбасар ие болды. Ал, Чапай ауылында дәрігер-фтизиатр Нурлан Зекешов пен дәрігер-хирург Азат Тойшыбаев баспаналы болды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің таратқан ақпарына сүйенсек, биыл 65 дәрігер қызметтік баспанаға ие болған. 2025 жылы Батыс Қазақстан облысына 190 медициналық маман жұмыс істеуге келген. 114 маман ауылдық жерде еңбек етуде.