Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысымен танысу мақсатында ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Атырау облысына жұмыс сапарымен келді. Іссапар аясында Атырау қаласына қарасты бірқатар ауылдық округтегі шаруа қожалықтарының қызметі зерделенді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникация қызметі.
Алдымен Тасқала ауылындағы «Өрлеу» жылыжайының жұмысымен танысты. Мұнда жылына 300 келі құлпынай өндіріліп, сонымен қатар жаңғақ пен өзге де жеміс-жидек түрлері өсіріледі. Жоба ауыл тұрғындарын тұрақты табыспен қамтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ Жаңаталап ауылындағы «Otbasy» жылыжай кешенінде болды. Аумағы 10 гектарды құрайтын кәсіпорын жылына 50 тоннаға дейін қызанақ, кәді, баклажан, қырыққабат және аскөк өнімдерін өндіреді. Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында мұндай жобалардың өндірістік қуатын ұлғайту өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайта түсетінін атап өтті.
Жұмыс сапары барысында кеңесші балық аулау және өңдеумен айналысатын «Абылайхан» ЖШС-ның қызметімен де танысты. 1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын тәулігіне 10 тонна балық өңдейді, оның 30 пайызы шет елдерге экспортталады. Кеңесші Қасым-Жомарт Кемелұлының агроөнеркәсіп кешенін дамыту тапсырмаларына сәйкес, балық өсіру бағытында жұмысты кеңейту қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар Ералы Тоғжанов тауарлы несие арқылы іске асқан «Абдулла» мал шаруашылығы, «Жолмұханов» қоймасы және «Caspian Royal Fish» ЖШС-ның қызметімен танысты. Бұл жобалар «Ауыл аманаты» аясында ауыл кәсіпкерлігін қолдау, кооперацияны дамыту және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Іссапар қорытындысында Ералы Тоғжанов жауапты мемлекеттік органдар мен басқарма басшыларына Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде ауыл шаруашылығы субъектілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау, субсидия және жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін уақтылы әрі тиімді іске асыруды тапсырды.