«Мой город» порталының редакциясына Ақжайық ауданына қарасты Мерген ауылының тұрғыны Айболат Меңдіғарин газетке мәжбүрлі жаздырып жатыр деп хабарласты. Ауыл тұрғыны адамда неге таңдау болмайды деген таңданысын жасырмайды. Ол тіпті бір үйден екі адамға газетті жаздырып жатқанын айтады. Мұндай тапсырманы мекеме басшылары берген көрінеді.
— Қазір ауылда халықтың зар-мұңы газет болды. Бір үйден бір газетке екі адамды жаздырып жатыр. Иә болмаса, жалақыңыз жоғары деп мұғалімдерге екі газет не одан да басқа қымбат газеттерге, өзінің еркінен тыс жаздыруда. Осы қаншалықты дұрыс?! Кейбір газеттерге бір жылға жазылу 24000 теңгеге шығып тұр. Неге адамды еркінен тыс газетке жаздырады? Әркімнің өзінің таңдауы бар емес пе?! (...) Мекеме басшылары газетке жаздыруға міндеттеп жатыр. Олардан сұрасаң «біздерді әкім міндеттеп жатыр», - дейді. Ауылдың группасына мен жаздым. Бұған дейін әкімнің өзіне жаздым. «Әкім мырза неге неліктен сіз халықты мәжбүрлеп газетке жаздырып жатсыз?», деп жазған мені группадан шығарып тастады. Мен шындықты айтқаным үшін кінәлімін бе? (...) Газеттер уақытылы келмейді. Кейде бір апта кешігіп келеді. Бір жұма кешігіп келген газеттің қандай қажеті бар? - деп шағымданды Мерген ауылының тұрғыны Айболат Меңдіғарин.
Мергендік тұрғынның жан айқайын Ақжайық ауданы әкімі Мұрат Сердалинге жолдадық. Әкімдік қызметкерлері газетке жазылуға ешкімді мәжбүрлемейтінін мәлімдеді.
– Күні бүгінге Мерген ауылдық округінен аталған мәселе бойынша шағым түскен жоқ. Түскен жағдайда заң аясында тиісті шаралар қабылданатын болады. Ауданымызда мерзімді баспасөзге жазылу жүріп жатыр. Баспасөз – қоғамдағы ашықтықтың, ақпараттың қолжетімділігінің және пікір алмасудың негізгі құралдарының бірі. Газет-журналдарда жарияланатын материалдар ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекетіміздегі жаңалықтар мен өзгерістерді дер кезінде білуге мүмкіндік береді. Біз ешкімді жазылуға мәжбүрлемейміз. Бұл – әр тұрғынның өз таңдауы. Әр азаматтың ақпаратты еркін алу және тарату құқығы бар. Ешкімді қандай да бір баспасөзге күштеп жаздыруға болмайды. Мемлекеттік орган ретінде біздің міндет – еріктілік қағидатын сақтау. Газетке жазылу тек қана ерікті, саналы таңдау болуы керек,-деп хабарлады Ақжайық ауданының әкімдігі.