Қысқы ҰБТ оныншы қаңтарда басталмақ. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, сынақ бір айға жалғасып, оныншы ақпанда аяқталмақ. Қазіргі таңда тестілеуге өтініш беру аяқталды. Бүгінгі таңда 187 мың адам ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың талапкерге көп.

Азаматтар сынақты қай күні, уақыты мен қай жерде тапсыратынын өзі таңдайды.

– 2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді және 140 балды құрайды, –деп хабарлайды ғылым және жоғары білім министрлігі.

Тестілеу уақыты – төрт сағат құрайды. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады.

– Қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар, шығармашылық ББТ-дан ақылы негізде басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, шетелде білім алған ҚР азаматтары, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады,– деп хабарлайды ғылым және жоғары білім министрлігі.

ҰБТ барысында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады.

Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш берген тестіленушілердің сертификаты апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.