Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда тұрғын үй бағасының өсуіне салық реформасының тікелей әсері жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, жаңа салық кодексінің нормалары 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін құрылысы басталған нысандарға қолданылмайды.
Қазір көп адам тұрғын үй қымбаттап жатыр деп айтып жүр. Бірақ оның қалай жұмыс істейтінін түсіну керек. Салық реформасының тұрғын үйге қазір ешқандай әсері жоқ. Мүмкін, ол тек салынып бітетінін күтетін үйлерге әсер етіп жатқан шығар. Ал 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін басталатын барлық нысандарға Салық кодексі қолданылмайды, – деп түсіндірді Жұманғарин.
Оның сөзінше, тұрғын үй құрылысының орташа мерзімі 1,5–2 жыл болғандықтан, мұндай нысандар 2026 жылы да жаңа салықтарға ілінбейді.
Журналистер жылжымайтын мүлік нарығы баға шегіне жетті ме және жаңа ҚҚС енгізілген жағдайда тағы өсім бола ма деген сауал қойды.
Бұл сұраққа жауап берген министр нарыққа әсер етпеу үшін нақты болжам айтудан бас тартты. Дегенмен, биыл тұрғын үй бағасының өскенін растады.
Бұл – нарықтық факторлармен байланысты: сұраныс пен ұсыныс, сондай-ақ теңге бағамының әлсіреуі де белгілі бір деңгейде ықпал етуі мүмкін, – деді ол.
Серік Жұманғариннің айтуынша, жылжымайтын мүлік бағасының динамикасы бір ғана шешімге немесе реформаға емес, бірнеше факторға тәуелді.