Биыл Ақтөбе облысында әлеуметтік маңызы бар тауалардың бағасын жорта қымбат саудалаған кәсіпкерлер жауапқа тартылды. Бұл туралы сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Облыстық департамент қызметкерлері 2025 жылы сауда нүктелерінде жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Нәтижесінде кәсіп иелерінің 116 бизнес субьектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Ақтөбе облысының экономикалық тергеу департаментінің аналитикалық әзірлемелер басқармасымен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша баға қалыптастыруға терең талдау жүргізілді. Мониторинг нәтижесінде елеулі заң бұзушылықтар анықталған.

— «Элит Продукт» ЖШС сары май, жұмыртқа және ұн өнімдерін белгіленген шекті сауда үстемесінен бес еседен артық өсіммен сатқан. Жыл ішінде қайталанған құқық бұзушылық үшін компания Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабы 2-бөлігі бойынша он айлық есептік мөлшерінде айыппұл салынды. «Қазбергенова» жеке кәсіпкері де сауда үстемесін белгіленген нормадан 3,5 есе артық қолданған. Қайталама құқық бұзушылыққа байланысты ол да осы бап бойынша он айлық есептік көрсеткіш айыппұлмен жауапкершілікке тартылды. «НуроптТорг» ЖШС сауда үстемесін 3,5 есе арттырғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабы 1-бөлігі бойынша бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төледі. Әрбір анықталған факті бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар тағайындалды және бағаларды заңнамаға сәйкес келтіру туралы міндетті нұсқамалар берілді,-деп хабарлайды сауда және интеграция министрлігі.

Сала мамандары бизнес субъектілері үшін сауда үстемесінің шекті мөлшерін сақтау міндетті екенін, ал кез келген заң бұзушылық заңнамаға сәйкес қатаң бақылауда болатынын еске салады.