13-14 желтоқсанда болған боранның кесірінен Бөкей ордасы ауданында төтенше жағдай енгізілді. Боранның кесірінен ауданда бір адам қаза тауып, бес тұрғын үй мен төрт әлеуметтік нысанның шатыры ұшқан.

- Әлеуметтік нысандардың шатырларын жөндеу жұмыстары басталуда, жеке тұрғындардың өтініштері қабылдануда. Сайқын ауылында резервтік су мұнарасының резервуары бойынша, облыстық энергетика, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасына жаңадан сатып алу үшін өтінім берілді. Ауыз су беру штаттық режимде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта барлық елді-мекендерге толықтай электр энергиясы берілді, -деп хабарлады Бөкей ордасы ауданының әкімдігі.

Қазіргі таңда Бөкей ордасы ауданында боранның кесірінен келген шығын көлемі анықталыпты.

-Зардап шеккен төрт әлеуметтік нысанның шығын көлемі анықталды. Саралжын ауылындағы Қ.Сағырбаев атындағы орта мектеп – 18 миллион теңгеге, аудандық білім беру бөлімі ғимараты – 24 миллион теңгеге бағаланды. Күні бүгін өз күшіміз арқылы Қ.Сағырбаев атындағы орта мектептің балабақшасы мен Бисен ауылындағы Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің жылыту жүйесінің шатырын қалпына келтіру жұмыстарын басталды,-деп хабарлады аудан әкімдігі.

Бөкей ордасы ауданында төтенше жағдай режимі қай уақытқа дейін жалғасатыны беймәлім.