Елде қызылшаны жұқтырған саны күн санап артып келеді. Әсіресе, жұқпалы дерт Астана мен Алматы қаласында жүздеп саналады. Атырау облысында да балалар арасында қызылшамен ауырғандардың саны көбейген.
Батыс Қазақстан облысында жыл басталғалы 29 адам вирустық инфекцияны жұқтырды деген күдікке ілінген. Зертхана сараптамасының қорытындысы бойынша 25 науқастың қызылшамен ауырып жатқаны анықталды. Қазіргі таңда 16 адам Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының кереуетіне таңылған. Оның 13-і - бала. Екі бүлдіршін жан сақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы ауыр. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Бақтыбай Әжігереев мәлімдеді.
– Қазіргі таңда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 16 науқас жатыр. Оның ішінде үшеуі– ересек адам, 13-і балалар. Оның ішінде жеті бала- бір жасқа дейінгі балалар.Олар қызылшаға қарсы екпе алмаған. Ауырған балалардың ішінде екі баланың жағдайы ауыр жағдайда реанимациялық көмекте жатыр. (...) Облыс бойынша Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында қызылшаға арналған 20 төсеқ қоры бар. Егер қызылша жағдайы бойынша эпид ахуал тұрақсызданып, нашарласа, қосымша 40 кереует бөлінетін болады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қызылшамен ауырған 25 жағдай тіркелді. Ал 2026 жылдың қаңтар айында 29 жағдай тіркеліп отыр. Бұның өзі дабыл қағатын жағдай,- деп хабарлады Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Бақтыбай Әжігереев.
Дәрігерлер жұқпалы індеттен қорғанудың бірден-бір жолы вакцина егу екендігін алға тартады.
Қазақстанда қызылшаға қарсы екпе баланың бір жасында егіледі. Ал, алты жаста ревакцина жасалады.
– Баланың анасында қызылшаға қарсы имунитет болады. Анасы қызылшаға қарсы екпе алған немесе ауырған болуы мүмкін. Сол иммунитет анадан балаға беріледі. Ол алты айға дейін жоғары титрда болады. Алты айдан бастап титрі төмендей түседі. 9-10 айында титрі өте төмен болады. Сол себепті қазіргі таңда бір жасқа дейінгі балалар арасында қызылша жағдайларының тіркелуіне байланысты, облыс бойынша 6 ай- 10 ай аралығындағы балаларға қосымша жаппай иммундау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстарды жүргізуге қосымша 3310 доза вакцина бөлінді– дейді Бақтыбай Әжігереев.
Қызылшаның көптеп таралуы 2023 жылы тіркелді. Үш жыл бұрын да жұқпалы індетпен ауырғандардың саны күрт артқан еді. Сол кезде дәрігерлер 6-11 айлық балаларға қызылшаға қарсы екпе салған-ды.
Күні кеше өңірде жұқпалы дертті бақылап, оның таралуын бақылайтын облыстық әкімдік жанынан құрылған арнайы штабтың отырысы өтті. Жиында жұқалы індет көптеп таралса, қосымша иммундау жүргізу туралы ұсыныстар айтылған.
Дәрігерлер қызылшаның белгілері болса, бірден медициналық мекемеге жолығуды сұрайды. Жұқпалы індетті жұқтырғанда дене қызуы көтеріліп, жөтел,көздің қызаруы, денеде бөртпелер пайда болады. Қызылша асқынғанда пневмания болып, науқастың құлағы мен көзіне зақым келуі мүмкін. Вирустық инфекция ауа тамшылары арқылы таралады.