Ақтауда есірткі таратты деген күдікке ілінген екі тұрғын ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды. Тәртіп сақшылары таратқан ақпаратқа сүйенсек, күдікке ілінгендерді құрықтау операциясы 29 қаңтарда кешкі сағат 22:00-де ұйымдастырылыпты.

– Тыйым салынған заттардың алдын ала дайындалған жасырын орындарда сақталып, таратылғаны анықталды. Оқиға орны мен уақытша жалға алынған тұрғын үйді қарау, сондай-ақ ұсталғандардың өз еркімен жасырылған орындарды көрсетуі барысында заңсыз айналымнан зип-пакеттерге салынып, изолентамен оралған, жасыл түсті, өзіне тән иісі бар, өсімдік тектес, есірткі затына ұқсас заттар тәркіленді. Сонымен қатар, қылмыстық әрекеттерді үйлестіру үшін пайдаланылуы мүмкін ұялы телефондар алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері күдіктілер қашықтан басқаратын куратордың нұсқауымен мессенджерлер арқылы заңсыз қызметпен айналысқанын айтады. Құрықталған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.