Өткен жылдың ақпанында Оралда Островский атындағы драма театр жаңғырту жұмысына байланысты жөндеуге жабылды. Сол кезде атқарушы билік жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп хабарлаған еді. Бірақ 2025 жылдың соңында қосымша келісімшарт жасақталыпты. Жаңа келісімге сәйкес жаңғырту жұмыстары биылғы жылдың 28-ші ақпанында толығымен аяқталуы тиіс.
Тарихи ғимаратты жандандыру үшін мердігер компания 593 миллион теңгеге тендер ұтқан. Ғимаратты «Қазқайтажаңғырту» шаруашылық басқару құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны қалпына келтіріп жатыр. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының 85 пайызы орындалыпты.
Бірнеше жыл бойы театр шатырынан су кетті. Мердігер компания ғимараттың шатыры мен есік-терезесін ауыстырып, инженерлік желілерін жаңғыртқан. Тек театрдың бас есіктері мен кейбір шамдарының жағдайы жақсы болғандықтан, оларды ауыстырмай, қайта жаңғыртудан өткізген. Ғимараттың жылу, кәріз құбыры мен ыстық су, салқын судың құбырлары мен вентиляциясы жаңаланыпты.
Жаңғырту жұмыстары барысында сахнаға жаңадан тақтай төселіп, сахнаның айналмалы шеңбері жаңаланды. Бұрындары сахна тек бір бағытқа айналыпты. Бұл сахнада декорациялардың ауысына кедергі келтірген. Жаңғырту жұмыстары барысында сахнаға қосымша жылу батареялары орнатылыпты. Көрермендер залының еденіне арнайы паркет төселген. Бұл жаңашылдық сахнадан шыққан дауысты еш кедергісіз естуге септігін тигізеді.
– Қазіргі таңда еденге ламинат пен линолуим төсеу жұмыстары мен ернеуліктерді орнатып жатырмыз. Нысанда 30-ға жуық жұмысшы еңбек етуде. Қазіргі таңда бәрі жұмыс істеуі үшін жылуды сынақтан өткізіп жатырмыз. Қабырға мен төбені әрлеп жатырмыз. Көрермендер залының жөндеу жұмыстары аяқтала келді. Түркістандық шебер «Пано» атты үш мозайкадан жасалған картинаны қайта жаңғыртты. Ғимараттың қасбеті мен көрермен залының орындықтары жөнделді, – дейді «Қазқайтажаңғырту» шаруашылық басқару құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының учаске бастығы Данияр Оңбаев.
Қайта қалпына келген ғимарат өрт туралы хабарлайтын сигнализация мен бейнебақылау камераларымен жабдықталмақ. Жөндеу барысында асхананың да өңі кіріпті. Бірақ, драма театрдың дизайны сол қалпында қала береді.
– Тарихи ғимарат болғандықтан жоспар бойынша оны сақтауға тырыстық. 100 пайыз бұрынғы стильде қалды. Ішкі жұмыстар, құралдар, сахна, дыбыс беруді қосымша облыстық бюджеттен ақша бөлініп, лед-экран, дыбыс, жарық беретін құрылғылар ауысты, –дейді А.Островский атындағы драма театрдың директоры Марат Қалиев.
Өнер ұжымы театрдың жөндеу жұмыстарының аяқталғанын асыға күтіп жүр. Қазіргі таңда әртістер Облыстық халық шығармашылығы орталығының сахнасында өнер көрсетіп жүр. Жөндеуге байланысты спектакльдердің саны азайған. Бұрындары 188 қойылым сахналанса, биыл олардың саны 145-ке дейін қысқарыпты. Жыл сайын театр ұжымы он шақты жаңа туындымен көрерменді қуантып келеді. Островский театрының әртістері Алматы, Ақтөбе қаласына сапарлап, көптеген фестивальге қатысып, жүлделі орын қанжығалапты.
– Театр ұжымы жөндеу жұмыстарының аяқталуын асыға күтіп жүр. Біздің техникалық мүмкіндіктеріміз көбейіп жатыр. Лед-экран алынды. Дыбыс пен жарық аппаратурасы жаңартылды. Сондықтан мүмкіндіктер көбейіп жатыр. Жастардың талабына сай, жаңа спектакльдерді қоюға мүмкіндік болады, – дейді Марат Қалиев.
Островский театры - Қазақстанда ашылған ең көне мәдениет ошағының бірі. Ол өз жұмысын 1859 жылы бастады. Қайта жаңғыртуға жабылған ғимараттың іргетасы 1940 жылы қаланыпты.
Қазіргі таңда театрда 30-дан астам актер жұмыс істейді. Биыл өнер ұжымы 167-ші театр маусымын ашты, көрермендерін қуантуда.