Жаңа жыл қарсаңында алаяқтар арзан бағада түрлі тауар ұсынып, қазақстандықтардың тапқан таянғанын аудартып, қаражатты алған бойда табанын жалтыратып жатыр. Тәртіп сақшылары «Арзан шыршаға қызығып, ақшаңыздан айырылып қалмаңыз», деп ескертеді. Алаяқтар әдемі суреттерді пайданалып, шыршаның ақысын алдын ала төлеуді сұрайды екен. Қаражат шотқа түскен бойда «сатушылар» байланысты бірден үзеді.

Мереке қарсаңында полиция қызметкерлері алаяқтарға алданбас үшін мына ережелерді ұстануға кеңес береді.

  • Белгісіз немесе жаңадан ашылған парақшалардан тауар сатып алмаңыз;

  • Алдын ала төлем жасаудан, әсіресе жеке банктік карталарға ақша аударудан бас тартыңыз;

  • Пікірлерді, жарияланымдарды және аккаунттың тіркелген күнін мұқият тексеріңіз;

  • Нақты мекенжай мен байланыс нөмірінің бар-жоғын анықтаңыз;

  • Өте төмен баға немесе төлемді жедел жасауға шақыратын ұсыныстарға сақтықпен қараңыз;

Күмән пайда болса, сатып алудан бас тартқан жөн.

Алаяқтар мерекелік әуре-сарсаң мен азаматтардың үнемдеуге деген ұмтылысын пайдаланады. Сондықтан ақшаны алаяқтардан сақтаудың ең тиімді жолы — мұқият болу.