2017 жылы Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іске қосылды. Осы уақытқа дейін МӘМС-тің Батыс Қазақстан облысының филиалында азаматтардан 125,8 миллиард теңгеге жарна мен төлем түскен. Өткен жылы қордың қазанына 29,9 миллиард теңге жинақталыпты. Бұл туралы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының қызметкерлері хабарлады. Қыруар қаржы медициналық көмек көрсеткен емдеу мекемелеріне аударылған.
Осы уақытқа дейін МӘМС-ті сынағандар көп. Қордың жұмысын сынап, айыбын жіпке тізген қазақстандықтардың қатары қалың еді. Тіпті, депутаттар да біраз жайтты жайып салғаны есімізде. Өткен жылы президент міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысына қан жүгіртіп, реттеу үшін жаңа заңға қол қойды. Жаңа заңнаманың аяқ алысы мен жұмысын МӘМС-тің Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Сандуғаш Болысбековадан сұрадық.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қайта қарастырылып, МӘМС жүйесіне бірнеше өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы бірнеше қатар жүретін бұйрықтарға, бірге жұмыс істейтін бұйрықтарға өзгерістер енгізіліп, біздің азаматтарымызға оңтайлы, жеңіл болатын жолдарын қарастырды. Соның бірі ретінде бізде сақтандырылмаған азаматтарымыздың көп болғаны үлкен мәселе-тұғын. Жалпы Батыс Қазақстан облысында тіркелген азаматтарымыздың саны 692 мыңнан асады. Қазіргі таңда соның 107 мыңнан астамы сақтандырылмай отыр. 2026 жылдың бірінші қаңтарынан бастап, осы сақтандырылмаған азаматтарымыздың әлеуметтік әл-ауқаты бойынша дағдарыстағы МӘМС жүйесіне жарна төлеуге жағдайлары жоқ азаматтардың санын бөлеу алып, яғни, ол үшін жергілікті әкімдіктер төлейді. Облыс бойынша«Д» және «Е» санатындағы тұрғындардың саны 46 мыңнан асады. Осы санаттағы жандар жарна төлеуге мүмкіндігі жоқ. Бұл цифрлық карта арқылы анықталды,– деп хабарлады МӘМС Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Сандуғаш Болысбекова.
2025 жылдың қорытындысы бойынша «Д» мен «Е» санаттындағы азаматтар үшін жергілікті әкімдіктер 2,8 миллиард теңге көлемінде әлеуметтік жарна төлейді. Яғни, әкімдіктер әр адамға 79 мың теңге көлемінде ақы төлейді. Осы санаттағы азаматтар сақтандырылған мәртесін алып, түрлі медициналық көмек алуына жол ашады.
Жаңа заңның жаңашылдықтарына сәйкес жергілікті әкімдіктер ресми түрде жұмыссыз деп тіркелген адамдар МӘМС жарнасын төлейді. Сала мамандарының келтірген дерегіне сүйенсек, өңірде 12 мыңнан астам ресми түрде екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Бұрын олар үшін мемлекет төлеп келді. Олар 15 санаттың ішіне кіреді.
Сақтандырылған мәртебесі азамат қандай көмек медициналық көмек ала алады?
– Сақтандырылған мәртебесі бар азаматтар егер медициналық көмек қажет болатын жағдайда ешқандай кедергісіз, жоспарлы түрде жасалатын медициналық көмекке қол жеткізе алады. Олар жоспарлы түрде жасалатын ота, ересектерге жүргізілетін профилактикалық тексерулер мен құны қымбат КТ, МРТ -ны тегін ала алады. Зертханалық зерттеулер бар. Егер азамат науқастанып ауырып барған жағдайда жоспарлы түрде осының барлығы МӘМС жүйесінде тегін ала алады,–деді Сандуғаш Болысбекова.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер науқастарды дәрі-дәрмекпен қамту ісін қамтиды. Өткен жылы қант диабетімен ауыратын жандар тегін дәрі-дәрмектен қағыламыз деп дабыл қаққанды. Алайда, денсаулық сақтау министрлігі ешбір науқас дәрі-дәрмектен қағылмайды деп басу айтты. Жаңашылдықтарға сәйкес сақтандырылған мәртебесі бар жандар ғана дәрімен тегін қамтылмақ.