Қазақстандықтар қаржы пирамидасына 21 млрд теңге қаражат салған
Қаржы пирамидасына 8 мың адам ақша құйған.
Алматыда кезекті қаржы пирамидасының жолы кесілді. Бұл туралы қаржы мониторинг агенттігі хабарлады. Пирамиданы ұйымдастырушылар салымшыларына пайызсыз бөліп төлеу арқылы жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алуды ұсынған.
Алайда олар бұл міндеттемені орындамапты. Нәтижесінде қаржы пирамидасы сегіз мыңнан астам салымшыны тартқан. Олар 21 миллиард теңгеден астам ақша салған.
— Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мақсатында, қаржы пирамиданың ұйымдастырушысы бірнеше деңгейлі заңсыз схема жасаған. Ол өз бақылауындағы заңды тұлғаларды — «Алло, не керек», «i-m@rketing», «Gold SapaPremium» ЖШС — пайдаланған, — дейді қаржылық мониторинг агентігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Аталған компаниялар жалған жеткізушілер ретінде көрсетіліп, жарнама қызметтері, жылжымайтын мүлік пен көлік нарығына талдау мен болжау жүргізу секілді қызметтерді орындаған болып көрінген. Осы жалған шарттар негізінде 1,8 миллиард теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, сыртқа шығарылған.
Қылмыстық кірістер есебінен жеке тұрғын үйлер, Астанада пәтерлер, сондай-ақ HUMMER H2 және Lexus LX570 маркалы қымбат автокөліктер сатып алынған. Мүліктерді өзге адамдардың атына жазған. Сот санкциясымен аталған мүлікке және тұтыну кооперативінің шоттарына тыйым салынды. Пирамиданы ұйымдастырғандар қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
- «Qnet» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырғандар сотталды
- 86 мың адамнан 12,4 млрд теңге жинаған қаржы пирамидасының жолы кесілді
- Қазақстандықтар қаржы пирамидасына 300 млн теңгеден астам ақша салған